Қардағы көгершіннің ізі

           «Қардағы көгершіннің ізі...»        

 

Адамзат қай заманда да әкелер мен балалар тақырыбына тоқталмай кете алмайды. Бұл тақырып әдебиет пен өнердің мәңгілік идеяларының бірінен саналады.

 

Итальян драматургі Фурио Бордонның адамға тән жалғыздық құсасын психологиялық шеңберде суреттеген белгілі туындысы қазақ тілінде алғаш рет көрерменге ұсынылып отыр. Атауы метафоралық сипатта – «Қар үстіндегі көгершіннің ізі». Бұл қазіргі дамып кеткен батыс елдерінің қоғамын әбден сансыратып, қазаққа да ішінара келіп жеткен адами қасіретті бейнелі суреттейтін драма. Оның кейіпкері кәрілік жеңген Ер Адам. Ол өзінің жалғыз баласына керек болмай қалғанын түсінгенде өз еркімен қарттар үйіне кетуді қалайды. Бірақ алтын ұя – отбасын, баласын, немерелерін тастап кету оған оңайға соқпайды. Күйзеліс сәттерінде ол елеспен, өткенімен өмір сүреді. Әлдеқашан қайтыс болған әйелімен сөйлесіп отырады.

 «Іштен шыққан шұбар жылан» – бауыр еті балалары неліктен өзінің туған ата-анасына жаны ашымас қатігез болып шыққан? Драма осы сауалға жауап іздейді.

Бұл қойылым Қазақстан Республикасының Халық артисі Тілектес Мейрамовтың 70 жылдық мерейтойына арналған. Басты рөлді Тілектес Мейрамов және Арай Омарова, Ерғұлан Жанпейісов ойнайды.

Қоюшы режиссері Тілеген Ахметов. Қоюшы суретшісі – Шынар Елембаева. Хореограф – Салтанат Жолымбаева.

Драманы қазақ тіліне аударған Тілектес Мейрамов.