ПРЕМЬЕРА! «Кабаре жұлдызы»

«Кабаре жұлдызы»

/музыкалық комедия/

premera-kabare-zhuldyzy
Венгер композиторы Имре Кальманның «Чардаш королевасы» («Сильва») атты опереттасы әлемдік театр репертуарынан түспей қойылатын таңдаулы дүние. Кабаре әншісі, қара халықтан шыққан Сильва мен ақсүйек, бай баласы Эдвин екеуінің махаббаты арқау болған музыкалық спектакльде көңілді, мерекелік атмосфера салтанат құрған.

Эдвиннің сүйгені ғана емес, анасы да жас кезінде шансонетка болғаны артынан ашылады. Эдвиннің князь әкесі әлеуметтік тұрғыдан тең емес деп қабылдаған осынау некеге қарсы болмауға мәжбүр, сүйіспеншілік құдіреті жеңеді. Музыкалық спектакльде зұлымдық иелері жоққа тән. Азаттық рухы мен шынайы махаббат көл-көсір әсем музыканың қабатымен жарқырай түседі.

Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық музыкалық қазақ драма театрының сахнасында белгілі режиссер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері - Нұрлан Жұманиязов қойған музыкалық спектакльге жас актерлер қатысты. Спектальдегі ариялар жанды дауыспен шырқалады.