Тыраулап ұшқан тырналар

Премьера!

Аталмыш туынды орыс драматургі  Валентин Ежовтың «Бұлбұлдар түні» шығармасы желісі бойынша саханаланбақ. Қазақ тіліне аударған белгілі театр сыншысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор –  Әшірбек Сығай.  Режиссерлық  нұсқасын Қазақстанның Халық артисі, театр және кино режиссері – Талғат Теменов жасап, сахна төрінен көрермен назарына  ұсынбақ.

Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмақ емес! Ұлы Отан соғысы... Содан бері  70 жыл өтсе де, ата-бабаларымыздың  жасаған  ерліктері мен  кейінгі ұрпаққа  сыйлаған  жеңісі кімнің де болсын жадында. Ұлы Отан соғысындағы жеңістің  70 жылдық мерейтойының қарсаңында режиссер Талғат Теменов  сахналап  отырған  «Тыраулап ұшқан тырналар» атты  лирикалық драма жеңістен кейінгі совет солдаттарының өмірінен сыр шертеді. 

Аталмыш қойылым бас кейіпкер Пернебек Боранбаев пен неміс қызы Инганың арасындағы  кездейсоқтықтан  туындаған махаббат тақырыбын көтереді.  Осы аралықта адамзатқа ортақ қасиет – махаббат пен жауыздық, адамгершілік пен сыйластық, өшпенділік пен сүйіспеншілік, сағыныш пен мейірімділіктің ұшқынын спектакль барысынан көресіздер. 

Қойылымдағы басты кейіпкер Пернебек Боранбаевті отандық кино өнерінде бірнеше басты рөлдерді сомдап жүрген жас актер – Әбілмансұр Серіков сахналаса, неміс қызы Инганың рөлінде театрдың жас актрисасы – Ақмарал Танабаева. Сондай-ақ, спектакль барысынан бүгінде көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүрген театр артистері, Қазақстанның Халық артисі Т. Мейрамов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – А. Омаров, Н. Өтеуілов, ҚР «Дарын» жастар сыйлығының иегері С. Қашқабаев пен Қ. Қыстықбаевтар өнер көрсетеді.

Спектакльді наурыз айының 29 жұлдызында да тамашалай аласыздар.