Адасқақ

«Адасқақ»  -  көрнекті жазушы-драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Асқар Сүлейменовтің прозалық циклы бойынша қойылған драма-диалог.

Спектакльдің бас кейіпкері  - қазақтың атақты  әнші-композиторы Біржан сал Қожағұлұлы. Өмірбаяндық емес, өнербаяндық көркем қойылым оқиғалары бір күн ішінде, өң мен түс арасында өтеді. Өмірінің соңында дерт меңдеген Біржан сал. Өмір-өнер елестері. Абаймен, Ақанмен кездесулер, рух түлетер қауышулар, кетісулер... «...Өтерінде, кетерінде шыр айналды...»  пәни дүниедегі өксік-өкініштер... Өнер адамының ұстанымы жайындағы көзқарастар қақтығыстары... Құмсағаты түгесіле бастап, жаны мұрнының ұшына келген  Біржан сал ән-зар шығарады. Әнмен мінәжат етеді.

Ол ән-зар һәм мінәжат – «Теміртас». Қазақта теңдесі жоқ  музыкалық жоқтау. Реквием...