Премьера! «Қыран қазақ»

Биыл 2-ші Дүниежүзілік соғыста асқан ерлік көрсетіп, жауға қырғидай тиген жерлесіміз Нүркен Әбдіровтың туғанына 100 жыл толады. 

Көкке самғаған қазақ қыраны, жауға оқ боп, атылып қырғи болып тиді.

Ұлтымыздың ұланы  батыр Нүркен адамзат баласының бақытты болашағы үшін өз өмірін құрбан етті. Ер есімі – ел есінде!

Халықтар достығы орденді С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры Совет Одағының Батыры Нүркен Әбдіровтың туғанына 100 жыл толуына арналған  «Қыран қазақ» спектаклінің  премьерасына шақырады.

Пьеса авторлары  ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, актер-драматург Кеңес Жұмабеков пен Мейрам Жұмабеков. Қоюшы- режиссер Ш. Айтматов атындағы Халықаралық  сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов. Қоюшы-суретшісі  ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Есенгелді Тұяқов.

Қойылымға Нүркен  батырдың майдандағы ерлікке толы бейнесі және анасы Бағжанмен ескерткіш тұғырда кездесетін, туған жерді аңсаған, сағынышты сәттер тәрізді көріністер арқау болған.

Нүркен батырдың рөлінде театр артистері Бауыржан Нұрмағамбетов пен Ақай Жұмамұратов,  ал батырдың анасының образын Сәкен театрының белді актрисалары Нұржібек Жансүгірова мен Бижамал Кемалова сомдайды.