«Айман-Шолпан»

Сай сайға құйғанындай, бай баймен құдаласуға ниетті. Әйтсе де, ажарына көркі, ақылына амалы сай сұлумен сөз байласуға әркім құмар.

«Айман-Шолпан» пьесасының өн бойында әдемі юмор жатыр. Маман байдың ауылына қыз айттырып келген сал-сері, бай-бағылан, ақын-батырлар арасындағы бәсеке, текетірес, тайталастан өрбитін комедияның көркемдік бояуы халықтық фольклор мен ұлттық әндердің қиюын тауып, шебер пайдаланылуының арқасында тіпті қалыңдай түседі.

Осы ерекшелікті терең ұққан режиссер қойылымда ән мен жыр, би мен хор, қыз бен жігіт айтысы сынды ұлттық өнеріміздің жауһар жоралғыларын сәтті тоғыстырады. Синтетикалық өнердің көркемдік шарттарына толықтай жауап беретін комедия сахнаны нағыз өнер мерекесіне айналдырары сөзсіз.